Карантин талаптарын бұзғандарға айыппұл салынбақ
Таразда келін түсіріп, үйдің ауласында беташар жасағандар енді сот алдында жауап береді. Жүзден аса жұртты жинаған отбасы карантин талаптарын бұзғаны үшін жазаланбақ, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Тараз қаласы Шөлдала ауылында 23 маусымда бетешар болған. Келіннің бетін елге танымал әзілкештар ашып, тойда асабалық еткен. Беташарда түсірілген әуесқой түсірілімдер әлеуметтік желі арқылы тараған. Жиналғандардың арақашықтық сақтамағаны, тіпті медициналық маска тақпағандары таспада анық көрінеді. Карантин талаптарын бұзғандарға айыппұл салынбақ. Ереже бұзғандар болған жайтқа өкінішін білдірді.
«Екі-үш күн бұрын беташар жасағанбыз. Оған 20-30 адам ғана шақырылған еді, арасында танымал бір-екі кісі болғандықтан көршілерім қаптап, адам саны көбейіп кетті. Карантин режимін бұзамын деп ойламадым, барлық қазақстандықтардан кешірім сұраймын», - дейді Шөлдала ауылының тұрғыны Қайрат Тамабек.
«Қазіргі таңда іс-шараларды өткізуге мерекелік, спорттық іс шараларды өткізуге тиым салынады. Бұл азаматқа карантин режимін бұзу бойынша хаттама толтырылды. Хаттама сотқа жолданды», - деді Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Әбділдә.