«Қыздар бір-бірінің шашын жұлады»: Зәкиева Жамбыл облысының мектептеріндегі сұмдық жайттарды айтты
Қыздар зорлық құрбаны болып қалудан үрейленіп жүреді

Жамбыл облысындағы мектептерде әлімжеттік көрсету оқушылардың күнделікті ісіне айналып кеткен. Жасөспірімдер электрошокер, кастет ұстап жүреді, қатарластарын бопсалайды, ұрып-соғады. Бұл туралы мәліметті Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жария етті.
Уәкіл жақында мемлекеттік органдармен бірлесіп балалардың құқығының бұзылуы, зорлық-зомбылық, буллинг, суицид және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша зерттеу жүргізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Шу ауданындағы мектептерде қыздар сексуалдық зорлық-зомбылыққа тап боламын деген қорқынышпен өмір сүреді. Қордай ауданындағы 5, 7, 9-сынып оқушыларының айтуынша, жоғары сыныптың оқушылары оларға тамақ, сусын алғызады. Тас лақтырып, соққыға алатынын, қыздардың бір-бір бірінің шашын жұлатынын айтты. Кейбір мектептерде оқушылар мұғалімдердің қол көтеретінін, зат лақтыратынын, буллинг жасайтынын да атап көрсеткен», -деді уәкіл.
Динара Зәкиеваның айтуынша, қыркүйекте Тараздағы мектептердің дәретханасында бала қайтыс болған, ал өткен жылы психологтар жүргізген диагностикада балалар бопсалау мен буллинг туралы хабарлағанымен, шаралар қабылданбаған.
«Сол сияқты 11-сынып оқушыларының 9-сынып оқушыларын бопсалауы, ұруы, мұғалімдер тарапынан буллинг көруі, оқушылардың психологиялық жағдайының нашарлауы басқа мектептерде де байқалады», - деді уәкіл.
Сонымен қатар, уәкілдің айтуынша, осы жылдың 9 айында облыста 14 бала суицид жасаған, оның жетеуін құтқарып қалуға болатын еді.