Солтүстік Қазақстанда жыл басынан бері 38 адам жол апатынан қаза тапқан

Автор: Бақыт Шынар

Тағы бес жүз адам жараланған

Фото: istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында кең ауқымды «Қауіпсіз жол» акциясы өткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бастама облыстық прокуратура мен Полиция департаментінің «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында Петропавл қаласы мен 13 ауданда өтті. Іс-шара кезінде «Жолдағы қабылдау» алаңдары жұмыс істеп, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

«Солтүстік Қазақстан облысында осы кезеңде 400-ден астам жол апаты тіркеліп, 38 адам көз жұмған, 550-ден астамы жарақат алған», - деп хабарлайды СҚО прокуратурасы.

Акция барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жол қозғалысына қатысушылармен профилактикалық әңгімелер өткізіп, жол ережелерін бұзған жағдайда туындайтын жауапкершілік туралы түсіндірді. Тұрғындарға 50 мыңға жуық жадынама таратылды.