Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды
Петропавлда қоғамдық көлікте ер адам мектеп оқушысын ұрып жіберді. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.
3 қазан күні кешке Петропавлдың №2 бағыттағы автобусының салонында екі мас ер адам айқай шығарып, балағат сөз айтқан.
Жолаушылардың наразылығын естіген 12 жастағы қыз оларға ескерту жасаған кезде, ер адамдардың бірі оқушының бетіне соққы берген.
Куәгерлердің айтуынша, шабуылдан кейін біреуі оқиға орнынан қашып үлгерген, ал екіншісі қайтадан автобусқа кіріп, жанжалын жалғастырмақ болған. Дегенмен, жүргізуші есікті жауып, полиция шақырған.
Жедел жәрдем шақырылып, қызға алғашқы көмек көрсетілді. Оны ауруханаға жатқызу қажет болмаған.
Куәгерлер ер адамның әрекетіне қатты ашуланғандарын жеткізді.
«Мас күйінде айқайлап, балағаттап отырды. Енді міне, қол көтеруге дейін барды. Бұл нағыз басбұзарлық», – деді оқиғаға куә әйел.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті ер адамның ұсталғанын растады.
«Кәмелетке толмаған қызға қол көтерген күдікті анықталып, ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ведомство.
Полиция өкілдері мұндай жағдайлардың балаларға қатысты зорлық-зомбылық ретінде бағаланатынын және заң бойынша ең қатаң жаза қолданылатынын ескертті.