Қарағандыда 15 жастағы қызын қырыққа таяған еркекке ұзатып жіберген ананың соты басталды

Автор: Бақыт Шынар

Сотқа қыздың туған әкесі арызданған

Фото: скриншот

Қарағандыда 15 жастағы қызды туған анасы мен өгей әкесі 38 жастағы еркекке ұзатып жіберген. Қыз тек бес күннен кейін ғана әкесіне қашып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасай отырып. 

Қазір Қарағандыда осы іске қатысты сот басталды. Сотқа қыздың туған әкесі арыз жазып, бұрынғы әйелі мен оның азаматтық некедегі күйеуін сотқа беріп отыр.

«Әкесінің арызынан кейін полиция кішкентай қызға үйленбекші болған 38 жастағы ер адамды бірден іздеген. Ол Астанаға қашып бара жатқан жерінен ұсталып, қамалды. Анықталғандай, қыздың анасы, өгей әкесі мен 38 жастағы күдікті теріс діни ағым өкілі», – деп хабарлайды телеарна.

Күдікті әйелдің осы 15 жастағы қызынан басқа тағы бірнеше баласы бар екен. Қалалық білім бөлімі ол балалардың тағдырына алаңдап, әйелді ата-ана құқығынан айыруды сұраған. Алайда сот білім бөлімінің арызын қанағаттандырмаған.

Қыздың туған әкесі болса, қызы бірнеше рет зорланғанын айтып отыр.

«Қазір қамауда отырған күдікті қызымды үш рет зорлаған. Бұл – ауыр қылмыс. Ал сол азғынның қойнына баланы салып берген менің бұрынғы әйелім мен күйеуі неге жауапқа тартылмайды? Олар куәгер ретінде ғана жүр. Менің қызым өз еркімен оған тұрмысқа шыққан жоқ қой. Күдікті бұлардың 10 жылдан бері араласатын жолдасы болып шықты. Соған ұзатқан», – дейді әкесі.