Елордада 3 адамды көлігімен қағып кеткен мас әйел құрбыларына мақтанбақ болған

Автор: Azattyq Rýhy

Ол енді алдағы бірнеше жылын түрмеде өткізуі мүмкін

Нұр-Сұлтанда апалы-сіңлі екі қыз бен олардың кішкентай інісін көлігімен қағып кеткен әйел жанындағы құрбыларына мақтанбақ болып, тізгінді жібере салған. Бұл туралы жәбірленушілердің сіңлісі «Еуразия» телеарнасының тілшісіне айтып берген.

Алина мен Дильназ оқиға болар сәтте серуендеп, үйге қайтып келе жатқан екен. Қолдарында 1,5 жасар бала отырған қоларба болған. Көлік жоғары жылдамдықпен үшеуін де қағып кеткен. Оқиғаға куә болған қыздардың сіңлісі көлік тізгініндегі әйелдің сөйлеген сөздерін жаттап алыпты.

«Оның көлігінің терезесі ашық болды, «Қараңдар, мен қолсыз да айдай аламын» деп мақтанып келе жатқан, кейін соғып кетті», - дейді кішкентай қыз оқиғаны есіне алып.

Қазір екі қыздың бірінің жағдайы орташа ауыр болса, екіншісі – ауыр халде, дәрігерлер оған тез арада операция жасау керек екенін айтты. Ал, кішкентай сәби де миынан жарақат алған, оның бас сүйегі мен жамбасы сынып, ауыр халде жатыр.