Бала №32 мектептің айналасына келіп, кішкентай оқушыларға тиіскен
Қарағандыдағы №32 орта мектептің ата-аналары полицияға хабарласып, балалары үшін шошып отырғандарын айтқан. Өйткені, мектептің айналасын торуылдап жүрген бозбала балаларды қорқытып, тіпті кейбіреуінің іш киімін тартқан, деп жазады Azattyq Rýhy «Патриот» телеграмм-арнасына сілтеме жасай отырып.
Ата-аналардың айтуынша, бозбала осы мектепте оқып кеткен екен. Алайда, білім ошағының айналасына жиі келетін ол бастауыш сыныптағы балаларға сес көрсетіп, ақша жинап, тіпті кейбіреуінің іш киімін тартып көрген деседі.
Бұған алаңдаған ата-аналар жергілікті журналистерді шақырып, мектеп әкімшілігінен шара қолдануын талап етіп, түсініктеме сұраған. Мектептің жанына полицияны да шақырған ата-аналар балаларын үйден шығаруға қорқамыз дейді.
Біз осы іс бойынша Қарағанды облысының полиция департаментіне сұрау жолдаған едік. Дереккөзге сүйенсек, 17 жастағы бозбаланың психикалық ауытқуы бар.
«Полиция осы мектепте оқып кеткен 17 жастағы баланың бастауыш сынып оқушыларынан ақша жинайтыны, оларға тиісетіні туралы ақпаратты тексеріп, мынаны анықтады: 17 жастағы жасөспірім арнайы органдардың тіркеуінде тұр. Бұған дейін оған қатысты қылмыстық іс тіркелген, алайда, сот оның психикалық жағдайын ескеріп, жазадан босатқан. Бірақ, амбулаториялық жағдайда күштеп емдеу туралы қаулы шығарған. 24 қыркүйек күні полиция оны облыстық психоневрологиялық диспансерге жатқызды», - деп хабарлады облыстық полицияның баспасөз қызметі.