Астанада «жігітінің» айыппұлдарын бөтен адамдардың атына жазған майор Айдана Қалыбай ауыр жаза арқалады

Автор: Бақыт Шынар

Сот оны өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан және майор шенінен айырды

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты биыл тамызда майор Айдана Қалыбайға қатысты істі қарап, оны 4 жылға соттаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айдана Қалыбай дегініміз кім және оған қандай айып тағылды

Коронавирус пандемиясы кезінде мемлекеттік телеарналардың бірі Айдана Қалыбай есімді полиция капитаны туралы репортаж түсірген. Телеарнадағы сол сұхбатында Айдана Қалыбай ішкі істер саласына 2013 жылы келгенін айтқан.

«Заң мамандығын тәмамдап, бала кезімдегі арманымды орындадым. Әкем де осы салада біраз жылдар қызмет етіп кеткен. Сол кісі кумирім болды. Бала кезімнен өзімді саладағы қиындықтарға дайындадым, елім үшін, жерім үшін қызмет етемін дедім. Жеті жылда өз еңбегіммен капитан шенін алдым. Соны қатты мақтан тұтамын, бағалаймын», - деген еді сол сұхбатында Айдана Қалыбай.

Елге «басқаша» қызмет еткен майор

Осындай патриоттық сезіммен жұмыс істеген Айдана Қалыбай биыл тамызда 4 жылға сотталды. Редакциямыздың ресми сауалына жауап берген Астана қалалық соты істің мән-жайын хабарлаған.  

«2025 жылы 22 тамызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланған» Айдана Қалыбайды осы бап бойынша кінәлі деп тауып, мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 (төрт) жыл мерзімге бас бостандығын айырды», - деп хабарлаған Астана соты.

«Бір үйдің ерке қызы едім...»

Бес жыл бұрынғы сұхбатында Айдана Қалыбай «бір үйдің ерке қызы болғанын, сондықтан, полициядағы тәртіпке бағыну қиын болғанын» жасырмаған. Сол «еркелігі» қазір де бар сияқты, қазір ол үйқамақта.

«Сот Айдана Қалыбайдың жалғызбасты ана екенін ескеріп,  жазасын өтеу мерзімін 2029 жылғы 23 тамызға дейін шегерді. Егер сотталушы тәрбиелеуден бас тартса, ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтарса, сондай-ақ қадағалау органының екі жазбаша ескертуіндегі қоғамдық тәртіпті бұзса, сот осы органның ұсынысы бойынша жазасын өтеуге жіберуге құқылы», - деп хабарлайды сот.

Яғни, сот хабарлағандай, Айдана Қалыбайға қатысты бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енгенге дейін үйқамақтан ешқайда шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхатқа өзгерген.

Айдана Қалыбайдың ісінде неше жәбірленуші бар

Соттың мәліметіне сүйенсек, Айдана Қалыбайдың ісі бойынша 10 адам жәбірленуші деп танылды.

«Іс материалдарына сенсек, Айдана Қалыбай Астана қалалық полиция департаментінің Әкімшілік полиция бөлімінде жол ережесін бұзған адамдарға айыппұл салып, айыппұлды «шеше алатын» қызметте отырған. Ол Астанада көлікті жалға берумен айналысатын бизнесмен жігіттермен аралас-құралас болып жүрген. Сол компанияның көліктері «Сергек» камералары арқылы миллиондап айыппұл алған екен. Компаниядағы менеджер жігіт Айдана Қалыбайға көліктердің айыппұлдары туралы ақпарат берген. Ол жігітке «жан» деп хат жазған Айдана Қалыбай әлгі айыппұлдарды қарапайым азаматтардың атына аударып отырған», - деп жазған еді журналист Козачков.

Соттың бізге берген жауабына сүйенсек, оның бұл әрекеті «ауыр зардаптарға әкелген».

«Оның әрекеттері ауыр зардаптарға әкеліп, мемлекетке 3 681 874 (үш миллион алты жүз сексен бір мың сегіз жүз жетпіс төрт) теңге көлемінде ірі залал келтірді. Үкімге сәйкес, Айдана Қалыбайдан мемлекет кірісіне 408 928 (төрт жүз сегіз мың тоғыз жүз жиырма сегіз) теңге көлемінде іс жүргізу шығындары өндірілді. Жәбірленушілерді өтемақы төлеу қорына 69 000 (алпыс тоғыз мың) теңге көлемінде мәжбүрлі төлем өндірілді», - деп хабарлаған сот.

«Бәрі генерал болуды армандайды...»

Әлгі сұхбатында Айдана Қалыбай ендігі мақсаты – полицияда зейнетке дейін қызмет етіп, шенін жоғарлатып, бейнетінің зейнетін көру екенін айтқан. 

«Бұл саладағы адамдардың бәрі генерал шешін армандайды. Мен «генерал» болмасам жа қазіргі шенімнен де биік жоғарлап, зейнетке шыққым келеді», - деген болатын Айдана Қалыбай.

Бірақ, ол арманы орындалмайтын көрінеді. Астана соты оны осы қылмысы үшін «полиция майоры» арнайы атағынан айырған.

Айтпақшы, біз Айдана Қалыбайдың қылмысы қалай тергелгенін анықтау үшін Астана қаласының полиция департаменті сауал жолдаған едік. Сондықтан, бұл материалдың жалғасы болады.