Бұған дейін полковниктің үлкен ұлының әйеліне зорлық көрсеткені белгілі болған
Павлодар облысы полициясының бұрынғы полковнигі Арман Нұрмағамбетовтың кәмелетке толмаған ұлына қатысты іс сотқа жолданады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2025 жылғы 19 тамызында Санжар Елтайдың қатысумен орын алған жол-көлік оқиғасы бойынша әкімшілік іс қозғалып, тиісті сараптама тағайындалған. Қорытындысы бойынша материалдар сотқа қарастыру үшін жолданатын болады», - деді жергілікті полиция қызметі редакциясының сауалына жауап беріп.
Еске салайық, полковниктің мектепте оқитын ұлы Санжар Елтай қымбат көлікті жүргізіп, жол апатын жасаған.
Нronika.kz мәлімдегендей, 19 тамызда жасөспірім Lexus GX 550 көлігін тізгіндеп, Сәтпаев көшесіндегі бағдаршамның сары түсі жанғанда қозғалған. Сол кезде қиылысты кесіп өткен Toyota Highlander көлігіне соққан. Toyota көлігі соққыдан ұшып кетіп, бағдаршам бағанына соғылған, ал жүргізуші әйел жарақат алып, ауруханаға түседі. Кейін оны дәрігерлер үйіне жіберген. Жәбірленушінің туыстары жас жігіттің лауазымды адамның баласы болғаны үшін тәртіп сақшылары жауапкершіліктен босатқысы келеді деп айыптаған.
Айта кетейік, жақында Арман Нұрмағамбетовтың келіні күйеуінен зорлық-зомбылық көріп, ажыраса алмай жүргенін мәлімдеген болатын. Айтуынша, сот органдарында қызмет атқарған Әнуар Нұрмағамбетов әйелге бір жыл бойы тыныштық бермей, аңдумен жүр. Келіншек өз өміріне қауіп төніп тұрғанын айтты.