Биыл Қазақстанда электросамокат мінген 173 адам жараланған, олардың жартысы - бала

Автор: Бақыт Шынар

Олардың арасында қаза тапқандар да бар

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда электросамокатпен байланысты жол апаттарының саны күрт өсті. 2025 жылғы қаңтар–тамыз аралығында 153 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп. Көбіне апатқа самокат жүргізушілерінің өздері, соның ішінде жасөспірімдер себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегіне сәйкес, соңғы 12 айда электросамокаттар қатысқан апаттар саны екі еседен астам артқан. Биыл сегіз айда 153 апат тіркелсе, 2024 жылдың осы кезеңінде небәрі 64 жағдай болған.

Апат көбейгендіктен зардап шеккендердің саны да артып кеткен. Қаңтар–тамыз айларында 173 адам жарақат алды, бұл былтырғыдан 2,5 есе көп. Олардың шамамен жартысы – кәмелетке толмағандар. Өткен жылы 4 адам қаза тапса, биыл 1 адам көз жұмды.