Құтқарушылар Астанадағы өрттен бес газ баллонын алып шықты

Автор: Дәулет Ботагөз

Өрт «Үркер» тұрғын алабында болды

Фото: ТЖМ

Астанадағы Нұра ауданында шыққан өрт кезінде төтенше жағдайлар қызметі бес газ баллонын қауіпсіз жерге шығарды. Оқиға 14 қыркүйек күні таңертең «Үркер» тұрғын алабында болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Өрттің шығу жағдайы

Мәліметке сәйкес, Хамза Есенежанов көшесіндегі бір қабатты ғимараттың шатыры жанып, 280 шаршы метр аумақты қамтыған. Өрт сөндірушілер келген сәтте ашық жалын мен шатырдың бір бөлігі құлап үлгерген.

Құтқарушылардың жедел әрекеті

ТЖМ қызметкерлері ғимарат ішінен бес газ баллонын дер кезінде сыртқа шығарып, ықтимал жарылыстың алдын алды.

«Оперативті әрекеттердің арқасында өрт аумағынан газ баллондары шығарылып, үлкен апаттың алдын алдық», – делінген ведомство хабарламасында.

Өрт толығымен сөндірілді, зардап шеккендер жоқ. Қазір мамандар от тұтану себебін анықтап жатыр.

ТЖМ ескертуі

Министрлік тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды еске салады. Әсіресе жеке тұрғын үйлер мен шаруашылық нысандарында газ жабдықтарын қолдануда абай болу керек.