Кәсіпкер Самал Асанова пісірген торттың арты дауға ұласты
Ақтөбелік кондитер Самал Асанова «Қайрат» футбол клубына қолдау білдіріп, торт пісіргені үшін жергілікті команда жанкүйерлерінің сынына ұшырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кәсіпкер таяуда әйгілі «Реал Мадридпен» кездесетін «Қайрат» командасына сәттілік тілеп, үлкен торт жасап, әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған. Алайда оның әрекеті ақтөбелік футбол командасы жанкүйерлерінің шамына тиген.
«Ақтөбеден шыққан кәсіпкердің мұндай әрекеті орынсыз әрі лайықсыз деп санаймыз. Біз өз ұстанымымызды өткінші хайпқа айырбастамаймыз! Бұл туған қалаға және оның футбол командасына деген құрметсіздік. Тек қана Ақтөбе, тек қана ақ-қызыл жолақ», - деп жазды фан-парақша.
Жағдай ушыққан соң Самал Асанова өзінің видеосын өшіріп тастап, кешірім сұраған. Ол Қазақстандықтарды бөлінбеуге шақырды.
«Бұл видеоны түсіргендегі жалғыз ниетім - Қазақстан атынан шығып жатқан командамызға қолдау көрсету еді. Ол жерде қандай да бір клубқа қарсы көзқарас немесе өз туған қалам Ақтөбеге деген құрметсіздік болған жоқ, болмайды да! Мен өзім Ақтөбенің қызымын, нағыз ақтөбелікпін. Мен әрқашан өз қаламды құрметтеймін. Шыны керек мен мүлдем футбол әлемінен хабарым жоқ. Бұл видео тек еліміздің атын әлемге танытып жатқан Қайрат клубына сәттілік тілеу болатын. Ешкімді ренжіткім келмеді. Егер сөзім немесе әрекетім біреуге ауыр тиген болса — кешірім сұраймын. Хейт жазып жатқан барлық жандарға айтарым осы жағдайды бейбіт түрде, бір-бірімізге деген сыйластықпен шешкім келеді. Біз бәріміз бір елдің азаматтарымыз. Қазақстан спорты дамыса, бәріміз үшін мақтаныш емес пе? Сіздерге үлкен рақмет! Түсіністікпен қарайды деп үміттенемін», - деді кәсіпкер.
Бұл жайтқа байланысты желідегілердің пікір екіге жарылған.
«Самал ханым 600 адамға жұмыс беріп, талай жанұяның наны мен тұрмысын қамтамасыз етіп отыр. Халыққа пайдасын тигізіп жүрген адамға ауыр сөз айтып, қатты кетудің жөні жоқ. Қанша хейт болса да, біз қолдаймыз! Жұмыс беріп отырған жанға тас атпай, алғыс айту – қазақтың қасиеті. Бірлікте – береке, қолдауда – күш»;
«Ақтөбенің фанаттары артық кеттіңіздер, ертеңгі күні Қайрат-Реалмен ойнағанда сонда қазақтар Қайратты қолдамайсыздар ма? Торт пісіріп қолдады деп Самалға хейт жасап жатсыздар, қазақ еліміздің шыққан әрбір жетістігіне қуана білу керек қой!»;
«Мен де Самал сияқты футбол жанкүйері емеспін. Өздеріңіз неге ренжіп отырғандарыңызды да білмейсіздер. Неге өз сүйікті клубыңызға ренжімеске? Неге олар «Қайрат» сияқты УЕФА Чемпиондар лигасының ортақ кезеңіне шыға алмады? Мен – Ақтөбе тұрғынымын әрі Қазақстан азаматы ретінде УЕФА-ға шыққан кез келген қазақстандық клубты қолдаймын. Бұл – менің пікірім, ал сіздің оны сынауға құқыңыз жоқ, дәл сол сияқты Самалдың немесе сізбен бір пікірде емес басқа адамның әрекетін сынауға да құқыңыз жоқ. Сіздерде қалай екенін білмеймін, бірақ мен үшін футбол – футбол болып қала береді, ең бастысы – сыйластық. Қандай жағдай болса да, өзге адамның пікірін құрметтей білу керек. Сондай-ақ, біреу қол жеткізген жетістікке сіз жете алмаған болсаңыз, соны мойындай білу керек», - деп жазса, басқалары «Қайратты алматылықтар қолдасын. Олар Қазақстан үшін шығып жатқан жоқ»;
«Самал ханым, білмесеңіз «Қайрат» Ақтөбенің ежелден бері қас жауы, неше жылдан бері бір-бірлерімен Қазақтың кең байтақ жерінде сыйыспай қақтығысып жүріп келеді. Сіз Ақтөбенің қызы болғандықтан бұл жергілікті Ақтөбе жанкүйерлері шүйлікті. Футбол Ақтөбе үшін не және қандай екенін естіген немесе көрген шығарсыз», - деген пікір қалдырған.
Айта кетсек, 37 жастағы ақтөбелік Самал Асанова «Samal Cakes» кондитерлік желісінің негізін қалаушы ретінде танымал. Ол белгілі продюсер Баян Алагөзованың ұйымдастырған «Алтын Ханым» әлеуметтік байқауында жеңімпаз атанып, қымбат көлік ұтып алған.