Алматы облысында 247 шақырым республикалық жол жөнделіп жатыр
Алматы облысында биыл республикалық маңызы бар 247 шақырым жол орташа деңгейде жөнделіп жатыр. Жоба құны шамамен 23 млрд теңгені. Жөндеу жұмыстары Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарын қамтып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Жалаңаш–Саты бағытындағы Көлсай көлдеріне апаратын автожолдың соңғы учаскесінде асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Бұрынғы үш шақырымдық жол жер бедерінің қолайсыздығына байланысты ұзарып, қайта салынды. «ҚазАвтоЖол» компаниясының Алматы облысындағы филиалының мәліметінше, құрылыс мамыр айында басталып, қыркүйекте аяқталған.
Аймақтағы кәсіпкерлердің айтуынша, туризмнің дамуы тікелей жол инфрақұрылымына байланысты. Биылдың өзінде Көлсайға 450 мыңнан астам турист келген.
30 жылдан бері жөнделмеген Кеген–Нарынқол тасжолында да ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Жобаның ұзындығы – 74 шақырым, жалпы құны – 7,9 млрд теңге. Қазіргі таңда жолдың 15 шақырымының негізі, 14 шақырымының төменгі қабаты төселді. Жыл соңына дейін оның жартысына асфальт жабындысы салынады. Жоба келесі жылдың соңына дейін толық аяқталады.
Ұйғыр ауданында ұзындығы 85 шақырым жол жөнделіп жатыр. Оның ішінде Көкпек–Шонжы бағытындағы 43 шақырым және Шонжыдан Жаркентке дейінгі 42 шақырым жол қамтылған. Жобаның құны – 8 млрд теңге. Құрылысқа 50 жұмысшы мен 40 техника тартылған, олардың 40%-ы – жергілікті тұрғындар.
Жолдардың жаңаруы Алматы облысының көлік инфрақұрылымын жетілдіріп, туризмнің өркендеуіне ықпал етпек. Жаңғыртылған жолдар туристердің Көлсай көлдері, Шарын шатқалы, Шонжы ыстық сулары сияқты көрікті жерлерге қауіпсіз әрі ыңғайлы жетуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, логистиканың жақсаруы шағын және орта бизнестің дамуына, өңір экономикасының өсуіне оң әсер етеді.
Айта кетейік, Алматы облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 1 734 шақырымды құрайды. Оның 681 шақырымы – І санатты жолдар, 328 шақырымы цементбетон жабынымен төселген.