«Қызды сүйреп, шалбарын шешкен»: Тараздағы интернат директоры сұмдық оқиғаны жасырып қалған (ВИДЕО)
Облыстың білім басқармасы мекемеге тексеріс жүргізген

Тараздағы Н.Тілендиев атындағы мектеп-интернатының оқушылары қыз баланы дәретханаға сүйреп, шалбарын шешкен. Сұмдық оқиға ғимараттағы камераға түсіп қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желіде жария болған видеода бір топ бала қызды жұлқылап, дәретханаға кіргізген, содан соң кабинканы ішінен іліп алған. Өзге оқушылар олардың артынан аңдыған. Қыздың шалбарын киюге тырысқаны, оны оқушылардың қоршап тұрғаны камераға түскен.
Болған жайтқа байланысты Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы түсініктеме берді. Интернатта көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар оқиды.
«2025 жылдың 5 сәуірінде орын алған оқиғаға байланысты мектеп-интернаттың жауапты қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданылды. Оқиға туралы құзырлы органдарға дер кезінде хабарламағаны үшін мектеп-интернат директоры да Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне мектеп-интернат директорына қатысты Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес әкімшілік іс қозғау туралы ұсыныс жолданды», - деп жауап берді басқарма өкілі.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты құқықтық баға беру жұмыстарын полиция органдары жүргізіп жатыр.