Динара Зәкиева Алматыдағы оқушы қыздың өліміне қатысты шұғыл мәлімдеме жасады

Автор: Бақыт Шынар

Бала құқығы жөніндегі уәкіл қыздың әкесімен байланыстамын дейді

Фото: istockphoto.com

Бүгін бірқатар БАҚ пен пабликтерде Алматыда оқушы қыз мектептегі буллингтен кейін өз-өзіне қол жұмсап, қаза тапқаны туралы ақпарат таратты. Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева осы іске қатысты шұғыл мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

«Медеу ауданындағы 17 жасар оқушы қыздың өліміне қатысты баланың әкесімен байланыстамын. «Өз-өзін өлтіруге жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп мәлімдеді Динар Зәкиева.

Алматы қаласының полиция департаменті қазір оқиғаның мән-жайын анықтап жатырмыз дейді.

«Аталған дерек бойынша Медеу аудандық полиция Басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр», - деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желідегі дереккөздерге сүйенсек, марқұм қыз қаладағы жекеменшік мектептердің бірінде білім алған. Биыл 11-сыныпқа аяқ басқан оның сыныптастары «1-қоңырау күні мектеп директоры мен орынбасары оның киіміне тиісіп, буллинг жасады» деп жазған. Олар бұл пікірлерін мектептің желідегі парақшасына жазып кеткен.