Ол үш жылға медицина саласынан аластатылды
Ақмола облысында терапевт науқастан 1 жарым млн теңге алып, сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың хабарламасына сәйкес, көп бейінді ауданаралық аурухананың терапевтік бөлімше меңгерушісінің міндетін атқарушы дәрігер науқастың 1 жарым млн теңгесін алдап алған.
Шілде айында пациент қант диабеті және жүректің жіті коронарлық синдромы диагнозымен дәрігердің алдына келген. Терапевт оған тегін ем жасалатынын біле тұра, Астана қаласындағы № 2 қалалық ауруханадан «ақылы» ем алуды ұсынған. Осылайша өзінің есепшотына 1 500 000 теңге аударуды талап еткен. Науқаспен бірге келген жақыны дәрігердің шотына сұраған ақшаны жіберген.
Сот үкімімен терапевт 3 жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырылып, 2 жылға сотталды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.