Перизат Қайраттың сот тәркілеген мүлкі аукционда сатылады

Автор: Бақыт Шынар

Тәркіленген мүліктердің арасында зәулім үйлер мен қымбат көліктер бар

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Су тасқынына жиналған қаражатты жымқырды деген айыппен 10 жылға сотталған Перизат Қайраттың сот тәркілеген мүліктері аукционда сатылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сол аукционнан түскен ақшаға Перизат Қайраттан зардап көрген адамдар ақшасын қайтарып ала алады. Сот оның мына мүліктерін тәркілеген еді: 

  • «Vela Village» коттедж қалашығындағы жеке үй;
  • «Akbulak Riviera», «Sensata Plaza», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен тұрақ орындары;
  • «Mercedes-Benz S450» 2024 ж., «Lexus LX 600» 2024 ж.;

«Сот үкіміне сәйкес тәркіленген мүлік сот орындаушылары арқылы аукционға шығарылып, сатылады. Тиісінше, түскен қаражат есебінен жәбірленуші тараптың залалы өтеледі», - деп хабарлады агенттікке Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов.

Айта кетейік, Перизат Қайрат 2024 жылдың қарашасында қазақстандықтардың қайырымдылыққа деп жинаған 3 млрд теңгеден астам қаражатын өз қажетіне жұмсап, талан-таражға салғаны үшін ұсталған.

Бұл қаражат мүмкіндігі шектеулі балаларға, Қазақстандағы су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккендерге қайырымдылық көмегі ретінде жиналған. Қылмыстық іс сотқа жолданды. 9 шілдеде Астана сотында ұрланған қаражаттың жалпы сомасы нақтыланып, 3,5 миллиард теңгені құрағаны айтылды.

Қылмыстық іс бойынша сот процесі екі аптаға созылды. Ол ішінара жабық режимде өтті. Сотта дәлелдер журналистердің қатысуынсыз зерттелді.

Сот Перизат Қайраттың мүлкі мен жылжымайтын мүлкіне тыйым салды. Әңгіме элиталық жылжымайтын мүлік, люкс автокөліктер, қымбат әшекей бұйымдар мен аксессуарлар туралы болып отыр.

2025 жылдың қаңтар айының соңында ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайратқа қатысты жаңа тергеуді тіркеді. Ол мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын салу үшін ақша жинау кезінде алаяқтық жасады деп айыпталды.