Атырауда автобус он жасар баланы қағып кетті: ол ауруханаға жетпей көз жұмды

Автор: Дәулет Ботагөз

Оқиға мектеп жанындағы аялдама тұсында болған

Фото: © istockphoto.com

Атырау облысында қайғылы жол апаты тіркелді. 10 жастағы бала автобус астына түсіп, алған жарақатынан көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Оқиға қалай болды?

Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 30 тамыз күні, сағат 13:30 шамасында, Тасқала ауылындағы Орталық көшеде болған.

«Toyota Coaster маркалы автобус жүргізушісі мектеп жанындағы аялдама тұсында жолды кесіп өтпек болған 10 жасар баланы қағып кеткен. Баланы жедел түрде ауруханаға жеткізбек болғанымен, ол жолда көз жұмды», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінні тергеу басталды.

Полиция не дейді?

«Оқушы алған ауыр жарақатынан ауруханаға жеткізу кезінде қайтыс болды. Қазір бұл факті бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Атырау облыстық полициясы.