Қайын атасы 20 жастағы келінін бір жыл бойы зорлап, оның баласын аштан өлтірген

Автор: Бақыт Шынар

Қырғыз жұрты бұл ақпаратқа дүр сілкінді

Фото: instagram.com/ombudsman.kg/

Қырғызстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Жәмила Жаманбаева 20 жастағы келіншектің басынан өткен оқиғасын баяндап, елдің уәкілетті органдарынан осы істі әділ тергеуін талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Уәкіл 20 жастағы келіншекпен кездесіп, оның құқықтары мен қауіпсіздік қорғауға бел буған. 20 жастағы келіншектің айтуынша, ол 2024 жылы тұрмыс құрған. Арада көп уақыт өтпей оның қайын атасы келіншекті пышақпен қорқытып, оны зорлап тастаған екен.

«Ол мені бір жыл бойы үнемі зорлап тұрды. Ал, күйеуімнің өгей шешесі бәрін біле тұра еш шара қабылдамады. Осы жылы 11 сәуірде босандым. Перзентханадан шыққаннан кейін 15 күн өтпей жатып, қайын атам бопсалап, мені тағы зорлап кетті», - дейді зәбір көрген әйел.

Осыдан кейін бір айдан соң келіншек күйеуіне осы жағдай туралы ашық айтыпты. Күйеуі әкесінің айуандығы туралы білген соң онымен сөзге келген, бірақ, әкесі ұлын сабақ тастаған көрінеді.

«Осыған ашуланған қайын атасы келіні мен ұлын 10 күнге егіске жіберген екен. Жастар сол жерден Ыстықкөл облысына қашып кеткен. Бірақ, бала қайын атасының қолында қалыпты. Ыстықкөлге келген соң келіншек пен күйеуі Қаракөл қалалық полиция бөлімшесіне арызданған. Олар арызды Бішкек қаласының Ленин аудандық ішкі істер бөліміне жөнелткен. Шілде айының соңында осы бөлімше адам зорлау фактісі бойынша қылмыстық істі тіркеп, 16 тамыз күні күдікті ретінде келіншектің 51 жастағы қайын атасын қолға түсірген. Ұсталған ер адам істі жабу үшін полицияға 50 мың сом көлемінде пара ұсынған. Полиция «пара беру» бабы бойынша да іс қозғап, оны Бішкектің полиция бөлімшесіндегі уақытша ұстау изоляторына қамады», - деп хабарлайды уәкіл.

Осыдан кейін екі жас қаладағы дағдарыс орталығына жүгініп, өз сәбилерін қайын атасының үйінен алып кеткісі келген. Орталық қызметкерлерімен бірге қайын атасының үйіне барғанда баланың әбден ашыққанын көрген.

«Баланың әлі құрығаны соншалық, ол тіпті жылай алмаған. Ата-анасы баланы тез арада ауруханаға апарғанымен бала көз жұмды», - деп жазған уәкіл.

Қазір баланың өліміне қатысты сараптама тағайындалып, оның жауабына сай қосымша іс қозғалмақ.