Түркістан облысында барымташылар 150 млн теңгенің жылқыларын ұрлаған

Автор: Azattyq Rýhy

Бір ғана адамға 12 млн теңге шығын келген

Түркістан облысының полицейлері 150 миллионнан астам теңге тұратын жылқыларды ұрлаған барымташылардың қылмыстық тобын ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

Аталған топ облыс аумағында ұзақ уақыттан бері барымташылық етіп келген. Олардың соңғы бір жарым жылда 14 мал ұрлығына қатысы бары анықталып отыр. Күдіктілер өз әрекеттерін облыстың Қазығұрт, Төлеби және Сарыағаш аудандарында жүзеге асырған.

Полицияға арызданған тұрғындар саны оннан асады. Олардың бірі жайылымда жүрген 25 бас жылқысынан айрылып қалғанын, 12 млн теңге шығын келгенін айтқан.

«Барымташыларды ұстау мақсатында Түркістан облысының ПД-нің криминалдық полиция, тергеу және жергілікті полиция қызметінің тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, үй малдарын сату және сою орындарын, сондай-ақ алыс шаруа қожалықтары мен жайылымдарды тексерді. Жедел уәкілдер жиналған ақпарат көздері негізінде аталмыш мал ұрлықтарын бір қылмыстық топтың істеуі мүмкін деген болжам жасаған», - делінген облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері Қазығұрт ауданының екі тұрғынын ұстады, оның бірі бұрын сотты болған. Тергеу барысында жедел уәкілдер өзге күдіктілердің ізіне түсті, олар – ұрланған жылқыларды сатып алушылар. Белгілі болғандай, барымташылар жайылымнан жылқыларды ұрлап, қораларында жасырын бағып, содан кейін олардың сырғаларын ауыстырған және жылқыларды базарға немесе етке өткізіп отырған.

Тергеу барысында қылмыстық топтың 14 мал ұрлығына қатыстылығы анықталды: оның жеті дерегі Қазығұртта, бес дерегі Сарыағашта және екі дерегі Төлеби аудандарында болған. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 150 миллионға жуық теңгені құрады. Айғақты зат ретінде полицейлер 70-тен астам жылқыны тәркілеп алып, заңды иелеріне қайтарды. Сондай-ақ, жедел уәкілдер күдіктілердің бірінің үйінен екі дана қару мен сегіз түп қарасора тапқан.

Аталған жайттарға байланысты ҚР ҚК-нің 3 бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде: 188-бап «Ұрлық», 287-бап «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» және 300-бап «Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру».

Бес күдіктінің екеуі қамауға алынды, біреуі кепілмен шығарылды, екеуі қолхатта. Тергеу амалдары жүргізілуде және мал ұрыларының басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатыр.