Вьетнамда тайфунға байланысты жаппай эвакуация жүріп жатыр

Автор: Аягөз Құрмаш

Балықшыларға теңізге шығуға мүлде тыйым салынды 

Фото: VNA/VNS Photo Việt Hoàng

Вьетнам билігі елдің жағалаудағы провинцияларында 587 мыңнан астам адамды эвакуациялауға дайындық жасады. Қауіптің күшеюіне байланысты кейбір өңірлерде тұрғындарға 25 тамыз күні таңғы сағат 07:00-ден бастап үйлерінен шығуға тыйым салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Табиғи апат транспорт саласын да тұралатып тұр. Әуежайлардың жұмысы уақытша тоқтап, пойыздар кешігіп жатыр, автожолдардағы қозғалысқа шектеу қойылды. Балықшыларға теңізге шығуға қатаң тыйым салынды.

Синоптиктердің болжамынша, бірқатар аймақта жауын-шашын мөлшері 150–250 мм-ге, ал кей жерлерде 600 мм-ге дейін жетуі мүмкін. Желдің екпіні сағатына 166 шақырымға дейін күшейеді. Дегенмен тайфун ел аумағына тереңдей енген сайын біртіндеп әлсірейді.

Министрліктер мен провинция әкімшіліктеріне тұрғындарды дер кезінде эвакуациялау, бөгеттерді нығайту және байланыс желілерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды. Вьетнам сыртқы істер министрлігі Қытай мен Филиппин елшіліктеріне вьетнамдық балықшыларға көмек көрсету жөнінде ресми нота жіберді.

Вьетнам халық армиясына жергілікті билікпен бірлесе қауіпті аймақтарды анықтау, тұрғын үйлер мен мектептерді бекіту, сондай-ақ көшкін мен су тасқыны қаупі бар өңірлерден халықты көшіру міндеттелді.

Стихия салдарынан шамамен 300 мың гектар күріш алқабы, 77 мың гектар жеміс бағы және 57 мың гектар каучук плантациясы зардап шегуі мүмкін.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қытайдың Хайнань провинциясында «Кодзики» тайфунына байланысты 20 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланған еді.