Вице-министр сақтық шараларын қолданса да, індет жұқтырып алғанын айтты
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Аукенов өзінен COVID-19 инфекциясының анықталғанын хабарлады
«Бүгін тест нәтижесі оң болды. Өзімді жайсыз сезініп тұрмын. Емделемін, оқшауланамын. Бұл ауру әркімде әртүрлі байқалады. Маған келсек, тап бір екі күн жүк артып немесе бір гектар жерге картоп еккен сияқты сезімдемін. Басынан өткен адам түсінеді», - деп жазды ол Facebook аккаунтында.
Вице-министр тест қорытындысы шыққанша екі күн бойы сенбей жүрген көрінеді. Кімнен жұқтырғанын да білмейді. Сақтық шараларын барынша қолданғаны да көмектеспеген.
«Жұмысымды қашықтан жалғастырамын. Zoom жұмыс кабинетім секілді болып кетті. 3 ай бойғы онлайн жұмыс мені осыған дайындады... Еңбек адамды жадыратып қана қоймайды, өзіңді тонуста ұстауға да мүмкіндік береді», - дейді Е. Аукенов.
Ол өзге науқастарға денсаулық тіледі.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан