Бұған дейін Бақытжан Бәкірбаевтың видеосы тараған еді
Бүгін әлеуметтік желіде таралған судья Бақытжан Бәкірбаевтың видеосы ескі бейнежазба болып шықты: судья сот отырысында әлдекімге «біртүрлі» ым танытқан, деп жазады Azattyq Rýhy.
Осыған қатысты Алматы соттарының баспасөз қызметі видео 2024 жылғы екенін мәлімдеп, түсініктеме берді.
«Осы факт бойынша келесіні хабарлаймыз: 2024 жылы Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында резонансты қылмыстық іс бойынша үш айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш қаралды. Сот отырысы барысында процессіне қатысып отырған адамдардың бірі залдан шығып кеткісі келген. Судья шығуға болмайтынын ескерту үшін осындай қимылға барды, себебі дәл сол сәтте бұлтартпау шарасын қамауға алу түріне өзгерту мәселесі қаралып жатқан болатын. Аталған қимыл тек сот тәртібін сақтау мен процестің дұрыс өтуін қамтамасыз ету мақсатында жасалған», - деп хабарлайды сот.
Маңызды сәттердің бірі – Алматы соттары әлгі үш айыпталушыны қамау туралы мәселе қозғалғанымен, сол кезде судья оларды ақтап шығарған дейді. Айта кетейік, әлеуметтік желідегі жұртшылық «судья темір торды, яғни, түрмені меңзеді» деген пікір қалдырған.
«Өтінішті қараған сот айыпталушыларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолданудан бас тартты. Қылмыстық істің мәні бойынша сот ақтау үкімін шығарды. Бұл үкімді жоғарғы сатыдағы сот та өзгерткен жоқ және үкім заңды күшіне енді», - деп хабарлайды Алматы соттары.
Дегенмен, дереккөзге сүйенсек, Судья әдебі жөніндегі комиссия Бақытжан Бәкірбаевтың бұл қылығына қатысты сөгіс жариялаған.