Олардың қайығын жел айдап әкеткен
17 маусымда Алматы облысының құтқарушылары Қапшағайда әкесі мен баласын құтқарып қалды. Олардың қайығын жел су қоймасының орта тұсына әкетіп қалған.
Төтенше жағдайлар департаментіне ер адамның туыстарынан хабар кешкі ондар шамасында келіп түскен. Оқиға орнына дереу құтқарушылар жетті.
«Белгілі болғандай, Қапшағай қаласының оңтүстік-батыс жағалауында орналасқан «Сәуле» демалыс базасында екі демалушы (1979 ж.т. әкесі, 2008 ж. т. ұлы) тәуліктің қараңғы уақытында 2,5х3 м өлшемді қолдан жасалған 2 ескекпен басқарылатын понтонда жүзіп жүрген кезде, жел айдап су қоймасына алып кеткен. Сағат 23.00-де жағадан екі шақырым жерде желмен су ортасына кеткендер табылып, құтқарушылар оларды жағаға жеткізді», - делінген ТЖД таратқан хабарламада.
Айта кету керек, құтқарылғандар суда қауіпсіздік ережелерін бұзған, тәуліктің қараңғы уақытында су айдынына шыққан. Дегенмен, құтқару кеудешелерін киіп өздерін қауіпсіздендірген және өздерімен бірге құтқару шеңберлері болған.