Өрт сөндірушілер қызыл жалынды 6 сағатта әрең сөндірген
Астананың іргесінде тұрған Қызылсуат ауылда, үйге найзағай түсіп, баспана өртеніп кетті, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Құдай сақтап, адамдар аман. Дегенмен, екі отбасы далада қалды. Үй иелерінің айтуынша, түнде баспананың төбесінен жай түсіп, шатыры лезде отқа оранған. Жапа шеккендер өрт сөндірушілердің салғарттығын сынады. Олар оқиға орнына бір сағат өткен соң бір-ақ келіпті.
«Қатты күн күркіреді. Балалар шошып оянды. Жап-жарық дөңгелек шар сияқты нәрсе үйге кірді. Жарық сөнді. Барлық балаларды оятып, сыртқа шығардық»,- ауыл тұрғыны.
Кешіккен құтқарушылар су іздеп уақыт өткізіп алған. Сөйтіп, қызыл жалынды 6 сағатта әрең дегенде сөндіреді.
«Шақырту орнына Целиноград ауданы мен Нұр-Сұлтан қаласынан үш бірлік техника және 15 адам жұмылдырылды. Бірінші болып Нұр-Сұлтан қаласының өрт сөндіру қызметі жетті, өйткені қаладан Қызылсуат кентіне дейін 16 шақырым. Ал Қабанбай батыр ауылының өрт сөндіру постынан бұл ауыл 36 шақырымда орналасқан. Өрт 6 сағаттан кейін толықтай өшірілді», - деді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, Манарбек Шапағатов.
Үй иелері құжаттарын да алып үлгермегендерін айтты. Дегенмен, еріктілердің көмегімен қайырымды жандар қол ұшын созған. Арнайы есеп-шот та ашылған. Баспанасынан айрылған тұрғындарға, қаражат жинау басталып кетті. Үй иелерінің айтуынша екі күн ішінде 1 миллион теңгеге жуық қаржы жиналған.