Түркістан облысында жиһаз шығаратын цех өртенді

Автор: Azattyq Rýhy

Тілсіз жау жақын жерде орналасқан 5 шеберханаға тараған

16 маусым күні сағат 14:40-та Түркістан облысы Кентау қаласы Шорнақ ауылдық округіне қарасты Қосмезгіл ауылындағы жиһаз шығаратын жеке тұрған бір қабатты шеберхана өртенді. Бұл туралы  ҚР ТЖК баспасөз қызметі хабарлады.

Цехтан шыққан өрт  біртіндеп жақын жерде орналасқан 5 шеберханаға тараған. Шеберханалар аумағында ағаш материалдары, қарағайдан кесілген тақтайлар болған.

«Қатты соққан жел өртті сөндіру жұмыстарына кедергі келтірді», - делінген ТЖК хабарламасында.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, дәл сол уақытта аймақтағы жел жылдамдығы 9-12 м/с жеткен, ал ауа температурасы +33 градус ыстықты көрсетіп тұрған.  

Өртті сөндіруге Түркістан облыстық ТЖД өрт сөндіру күштері мен жедел тергеудің кезекші тобы, жергілікті атқарушы орган өкілдері, барлығы 138 адам мен 34 бірлік техника жұмылдырылған.

Тілсіз жау сағат 21:08-де ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ.