Қарағандыда төтеншеліктер үйде қамалып қалған қызды құтқарды

Автор: Azattyq Rýhy

Құтқарушылар қарт адамдар мен балаларға бір тәулік ішінде үш рет көмек көрсетуге барды

Өткен тәулікте Қарағанды облысының ТЖД бөлімшелері 3 адамды, оның ішінде бір баланы құтқарды, деп хабарлайды Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

«16 маусым күні  Қарағанды қаласы Сұрыптау станциясында қыз баланың пәтерде жалғыз қалғаны және әжесінің есікті өздігінен аша алмай жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. 12-ӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушылары 3-ші қабаттың балконына үш иінді саты орнатып, пәтерге кірді. Төтеншеліктер 7 жасар қызды үш иінді баспалдақпен эвакуациялап, әжесіне тапсырды»,- делінген хабарламада.

Тағы бір оқиға Абай қаласында болды. Құтқарушыларға туыстарынан егде жастағы әйел есігін ашпайды және телефон қоңырауларына жауап бермейді деген хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келген №21 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушылары балкон арқылы жылжымалы үш иінді баспалдақпен пәтерге кіріп, сыртқы есікті ашып, туыстарын кіргізді. 80 жастағы әйел ұйықтайтын бөлмеде болған және есік пен телефон қоңырауларын естімеген екен.

«Сондай-ақ, Қарағанды қаласында егде әйелге көмек қажет болған. Құтқарушылар пәтердің есігін ашып, медициналық жедел жәрдем бригадасын кіргізді», - делінген хабарламада.