Арыс тұрғыны әлеуметтік желіде жасөспірімдерді суицид жасауға үгіттеген

Автор: Azattyq Rýhy

Ол адам өлтіруге оқталу бабымен тергеліп жатыр

Түркістан облысы Арыс қаласында жергілікті тұрғын әлеуметтік желіде «суицидтік» топ ашып, жасөспірімдерді өлімге үгіттеген деп хабарлайды Polisia.kz.

Әлеуметтік желідегі бұл топты ІІМ Криминалдық полиция және тергеу қызметкерлері интернетке мониторинг жүргізу барысында анықтаған. Министрлік және Түркістан облыстық Полиция департаменті мамандары бірлесе жедел іздеу тобын құрып, күдіктіні қолға түсірді.

«Тінту кезінде күдіктіден ноутбук, ұялы телефон, үш қорап сим-карта және басқа да заттай дәлелдемелер алынды. Телефоннан суицидке бағытталған Телеграм каналдары анықталды. Қазіргі уақытта аталған жайт адам өлтіруге оқталу бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сот санкциясымен күдікті қамауға алынды», - делінген аталған хабарламада.

ІІМ ата-аналарды балалардың виртуалды өміріне бақылауды күшейтуге шақырады. Және шұғыл қажетті шаралар қабылданатын осыған ұқсас жайттар орын алса, тез арада полицияға хабарлауды сұрайды.