Балауса Еркінқызының үстінен оншақты адам арызданбақ
Талғардағы атышулы істе, яғни, марқұм Шерзат Полаттың өлімі үшін жеті жылға сотталған Дидар Қалиахметтің әйелі Балауса Еркінқызына несие алып беріп, төлете алмай жүрген бір топ азамат журналист Руслан Өтепбайдың бағдарламасына сұхбат берген, деп жазады Azattyq Rýhy.
Олардың айтуынша, бәрі Балаусаға сеніп, үстінен пайда көреміз деген ниетпен әртүрлі банктерден ірі сомада несие алып берген. Балауса ол несиені бірнеше айда жабамын деп уәде еткенімен, несиені ерте жаппақ түгелі, ай сайынғы төлемдерін төлемей, қашып жүрген көрінеді.
Руслан Өтепбай «Талғарға келуімнің себебі Дидар Қалиахметтің әйелі Балауса Еркінқызының үстінен бірнеше адам арыз жазған» дейді.
«Талғар қаласының тұрғындары редакциямыздан көмсек сұрады. Олардың айтуынша, Балауса Еркінқызы сенімге кіріп, несие алдырып артынша, ізім-қайым жоқ болған», - дейді журналист.
Оған маска киіп сұхбат берген екі кейіпкер оқиғаның қалай болғанын баяндаған.
«Балауса Еркінқызына екі миллион теңге несие алып бергемін. Несиені осыдан 4 ай бұрын алып бердім. Маған «3 айда немесе алты айда толық жауып тастаймын» деп алдырған. Түгел жаппақ түгелі ай сайынғы төлемін де төлемей отыр. Қазір ай сайынғы төлемін өзім төлеп жатырмын. Маған «2 млн теңге несие алып берсең үстінен 500 жүз мың теңге қосып беремін» деді. Мен өзім жеңгеме беретін 500 мың теңге қарызым бар еді, сондықтан, «жарайды» деп келістім. Қазір ай сайын сайынғы төлемді толық өзім төлеп жатырмын. Балауса телефонға жауап бермейді», - дейді онымен аттас Балаусе есімді келіншек.
Оның айтуынша, Балауса Еркінқызы адамдардың атына несие алдырып, оны қолма-қол ақшаға айналдыратын заңсыз жұмыспен айналысатын көрінеді.
«Оның тұрақты жұмысы жоқ. Ал мен үйде отырып, балалардлың киім-кешегін сатамын, бұған дейін алтын бұйымдар саттым. Сонда Балауса менен қарыз алып, артынан қайтарып беріп отыратын. Сенімге кірді. Сондықтан бұл жолы да несие алып бердім. Араға жарты жыл салып тағы да сұраған соң алып берген едім. Бірақ, ол кезде Дидар Қалиахметтің әйелі екенін білген жоқпын», - дейді кейіпкер.
Балауса Еркінқызына алдандым деген тағы бір адам – Дарын есімді жас жігіт екен. Кезінде бір ғимаратта жұмыс істеген екеуі үш жылдан кейін сөйлескенде Балауса қарызға несие алып беруді сұрапты.
«Оны көрмегеніме үш жылдай болды. Өзінің әлеуметтік желідегі парақшалары мен телефон нөміріне «ақшаны пайызбен қайтарамын» деген жарнама берген. Бірінші рет ақша бергенде пайызбен қайтарды. Мен пайызбен ақша алу заңсыз екенін білген жоқпын, тек кейін Балаусаның үстінен е-өтініш арқылы арыз түсірген кезде полиция оның заңсыз екенін айтты», - деген жігіт Дидар Қалиахметтің келіншегіне бас-аяғы 6-7 млн теңге көлемінде қарыз беріпті.
«Бір банктен 2 068 000 теңге несие алып бердім, екінші банктен бөліп төлеу арқылы 1,5 млн теңге несие алып бердім. Өзімнің берген 2,5 млн теңге ақшам бар», - дейді ол.
Руслан Өтепбайға сұхбат берген азаматтар қазір ортақ чат ашып, Балаусаның үстінен арыз жазуға дайындалып жатқандарын айтты.
Біз Балауса Еркінқызына қатысты қандай да бір іс қозғалған-қозғалмағанын білу үшін жергілікті полиция департаментіне сұрау жібердік.