Полиция оны ата-анасымен бірге бөлімшеге шақырған
Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының белсенділері әлеуметтік желіде адам шошырлық видео таратып жүрген 17 жастағы қыздың әрекетіне назар аударып, полицияға шағымданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде тараған видеоға сенсек, бейнежазбадағы қыз бала үй жануарларын өлтіріп, сойып, олардың қалдықтарынан кәдесый жасап отырған. Әрі әрекетінің бәрін видеоға түсіріп, оны Тик-ток әлеуметтік желісіндегі парақшасына салып отырған.
Редакция осы мәселеге қатысты облыстың полиция департаментінен комментарий сұратты.
«Әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты кәмелет жасына толмаған 17 жастағы қыз анықталып, ата-анасымен бірге полиция бөліміне келді. Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Полиция кәмелет жасына толмаған қыз бен оның ата-анасына заң талаптарын түсіндіріп, іс материалдары әкімдік жанындағы кәмелет жасына толмағандардың ісі жөніндегі комиссияға жіберді», - деп хабарлайды ШҚО-ның полиция департаменті.