Екеуі де ер азамат
Бүгін Атырау облысында COVID-19 вирусын жұқтырған екі адам қайтыс болды, деп жазады coronavirus2020.kz порталы.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, марқұмдардың екеуі де ауруханаға ауыр жағдайда түскен.
«Қайтыс болғандардың екеуі де ер адам. Оның бірі – 55 жаста, екіншісі Құлсары қаласының 57 жастағы тұрғыны. Алғашқы науқас провизорлық стационарға түскенге дейін 5 күн ауырған. Содан соң емханаға медициналық көмек алуға жүгінген. Ауруханаға түскен кезде екі науқаста да интоксикациялық синдром болды, дем жетпей тұрды, жағдайы өте ауыр болды. Бұл пациенттерге коронавирус инфекциясы, екі жақты полисегментарлы пневмония диагнозы қойылған еді», - деп хабарлады облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жылыойда коронавирустан 48 жастағы әйел қайтыс болған еді. Қазір Атырауда қайтыс болғандар саны 6 адамға жетті.