Үшінші бала құздан құлап қайтыс болған
Төле би ауданына қарасты Біркөлік тау шатқалында адасып кеткен үш баланың екеуі құтқарылды, біреуі қайтыс болды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«16 маусым күні сағат 14:00-гі жағдай бойынша құтқарушылар екі оқушыны таудың басынан жерге алып түсті. Құтқару операциясы 5 сағатқа созылды», - делінген аталған хабарламада.
Құтқарушылар сағат 11:48-де қауіпті жартаста тұрған оқушылардың бірін жерге түсірсе, сағат 12:50-де 50 метр биіктіктен түсе алмай тұрған екінші бала құтқарылды.
Құтқару жұмыстарына Шымкент қалалық ТЖД Жедел-құтқару жасағы (6 қызметкер мен 1 бірлік техника), Түркістан облысының ТЖД (10 қызметкер мен 3 бірлік техника), жедел медициналық жәрдем бригадасы (5 жұмысшы мен 1 бірлік техника), полиция бөлімі (2 адам мен 1 бірлік техника) барлығы 23 адам мен 5 бірлік техника жұмылдырылды.