Жыл басынан бері 50 адам велосипед ұрлығына байланысты полицияға арызданған
Петропавл тұрғындары велосипедтерін Бірыңғай деректер базасына тіркей бастады. Жыл басынан бері 900-ге тарта адам аталған қызмет түріне жүгінген. Оған велосипед ұрлығының өршуі себеп болса керек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Облыс орталығында жыл басынан бері 50 адам велосипедінің ұрлануына байланысты полицияға арызданған. Оның 24-і табылып, иелеріне қайтарылыпты. Мамандар жоғалған затты тезірек табу үшін оны тіркеуге кеңес береді.
Велосипедті тіркеу үшін жаяу патрульдегі кез келген полицейге жүгіну жеткілікті. Бұл бастама ерікті түрде жүргізіледі. Тәртіп сақшылары ұрланған велосипедтерді сәйкестендіру қажеттілігі кезінде аталған базаны пайдаланады.
«Полицейлердің велосипедті қараусыз қалдырмау қажеттілігін ұдайы еске салып отырғанымен, велосипед ұрлығы азаятын емес. Жылдам әрі бағалы мүлік қаскөйлерді үнемі қызықтырады. Велосипед ұрлығын «ізін суытпай» аша алмаған жағдайда, оны иесіне қайтару қиындық туғызады. Алайда, бұл мүлде қайтарылмайды деген сөз емес. 7 маусым күні Петропавл қалалық Полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері «Nordway» спорттық велосипедінің ұрлығын ашты», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Руслан Назаров.
Құны 60 мың теңгенің велосипедін иесі үйінің алдына қойып кеткен. Бір сағаттан соң жоғалғанын байқаған. Полицейлерге ұрлықты ашуға Петропавл қалалық жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары, сондай-ақ жеке объектілердегі бейнекамералар көмектескен. Ұры олжасын көшеде кездейсоқ кездескен адамға 10 мың теңгеге сатып үлгерген.
Аталған факт ҚР Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілген. Велосипед алынып, тергеу әрекеттері аяқталған соң иесіне қайтарылады. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілді.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО