Оны полиция қызметкерлері аман алып шықты
Шығыс Қазақстан облысында жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары өртке оранған пәтерден егде жастағы әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Өскемен қаласында болған. Көршілердің көмек сұрап айқайлаған даусын естіген тұрғындар дереу полицияға хабар берген. Оқиға орнына алғашқы болып жеткен учаскелік полиция қызметкерлері Ерлық Мұқашев пен Елман Тоқтарханов еш ойланбастан әрекетке көшкен.
«Олар алдымен балкон арқылы кірмек болды, бірақ уақыт жоғалтып алмау үшін кіреберіс есікті бұзып кірді. Пәтер іші қою түтінге толған. Полицейлер зейнеткерді қауіпсіз жерге шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті», – делінген полиция хабарламасында.
Құтқарылған әйелдің жағдайы қанағаттанарлық. Төтенше жағдайлар орын алғанда полиция мен жедел қызметтердің жедел әрі үйлесімді жұмысы адам өмірін аман сақтап қалуға сеп болды.
Желі қолданушылары мен жергілікті тұрғындар полиция қызметкерлерінің батылдығына алғыс айтып, олардың ерлігіне жоғары баға беруде. Мұндай оқиғалар құқық қорғау органдарының қоғам алдындағы рөлін тағы бір мәрте айқындай түсті.