Астанада ер адам ЖОО-ға грантқа түсіріп беремін деп ата-аналардан миллиондаған ақша жинап алған

Автор: Темірхан Айжан

Оған сот үкімі шықты 

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты күдіктіні 4 жыл 6 айға соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу мәліметтерінде жарияланғандай, айыпталу Б. есімді ер адам бірнеше адамға көліктерін рәсімдеп беремін деп және ата-аналардың балаларын ЖОО-на грантқа түсіріп беремін деп алдап, алаяқтық жолмен 9,5 миллион теңгені қалтасына басқан.

Сотта жәбірленушілер күдіктіге қатаң жаза қолдануды сұраған. Б. істеген ісін толық мойындап, өкінетінін айтқан. Судья оның кәмелетке толмаған баласының болуын, жасаған ісіне шын жүректен өкінуін есепке алып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот үкімімен, 2024 жылғы 2 мамырдағы Ақмола облысы Целиноград аудандық сотының үкімі бойынша тағайындалған жаза толық өтелмегендіктен, жазалар ішінара қосылып, Б.-ға 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза тағайындалды.

Жәбірленушілердің келтірілген материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талап қоюлары қанағаттандырылды. Сот үкімі шағымданусыз заңды күшіне енді.