Лондон Олимпиадасының алауын ұстаған: әлемдегі ең қарт марафоншыны 114 жасында көлік қағып кетті
Қайғылы оқиға Үндістанның Пенджаб штатында болды

Үндістан полициясы әлемдегі ең кәрі марафоншы Фауджи Сингхті өлтірген адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақпарат құралдарының жазуынша, джип көлігін мінген ер адам 114 жастағы Сингхті Пенджаб штатындағы ауылда серуендеп жүрген сәтінде қатты жылдамдықпен келіп соққан, кейін 26 жастағы күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.
Жергілікті тұрғындар Сингхті дереу ауруханаға жеткізген, алайда қария жарақатты көтере алмай, көз жұмды. Полиция оқиғаға қатысы бар көлікті тапты. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.
Фауджи Сингх – халықаралық деңгейде танымал марафоншы. Ол 89 жасында бастап жүгіруге ден қойып, 2000-2013 жылдар аралығында тоғыз марафонға қатысқан. 2011 жылы Торонто қаласында марафонды толық жүгіріп шыққан ең қарт адам ретінде тарихта қалған. Сондай-ақ ол 2012 жылғы Лондон олимпиадасында алау ұстаған.
Гиннестің рекордтар кітабы ресми құжаты болмағандықтан оның жасын тіркемеген. Оның Ұлыбританиядан алған төлқұжатында туған күні 1911 жылғы 1 сәуір деп көрсетілген.
Фауджи Сингхтің өмір жолы қиын болды. Ол бес жасына дейін өздігінен жүре алмаған. Ержеткенде ауыл шаршауылығымен айналысқан. Жұбайы мен кенже ұлынан айырылған. Қартайғанда Лондонда тұратын үлкен ұлының қолына көшіп барады. Сол жақтағы Илфорд қаласында ғибадатханада спортпен шұғылданатын адамдармен танысып, марафонға бет бұрған.
Ол Adidas компаниясының 2004 жылғы «Impossible is Nothing» жарнамалық науқанына қатысып, есімі әлемге танылды.
Сингхпен қоштасуға арналған шаралар алдағы күндері Ұлыбританияда өтеді деп күтіліп отыр.