Маралсай шатқалында әйел жардан құлап кетті
Көмекке мұқтаж адам патруль кезінде анықталған

Алматы облысындағы Маралсай шатқалында әйел жардан құлап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Маралсай шатқалында Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында механикаландырылған патрульдік бағытта жүрген 28237 ТЖМ әскери бөлімінің қызметшілері құтқару операциясын жүргізді», - деп жазылған хабарламада.
Көмекке мұқтаж адам патруль кезінде анықталған. Белгілі болғандай, 1986 жылы туған әйел абайсызда жардан құлап кеткен және өз бетінше шығуға мүмкіндігі болмаған.
Кезекші нарядтың күшімен зардап шеккен адам қиын жететін жерден тез арада шығарылып, келген жедел жәрдем бригадасына табысталды.
«Құтқарушылардың жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік туды», - дейді ведомство.
Еске сала кетейік, Павлодар облысының Баянауыл ауданында туристер Жасыбай көлінің қарама-қарсы жағалауында қалып қойған болатын. Олар кенеттен күшейген желдің салдарынан өздігінен кері қайта алмаған. Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, арнайы құтқару қайығының көмегімен адамдарды қауіпсіз жерге жеткізді.