Ол полиция департаментіне жеткізілген
Оралда Педагогикалық институт маңында патрульде жүрген гвардия сарбаздары кішкентай баланы байқап қалып, дереу көмек көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық ұлан мәліметіне сілтеме жасап.
Оқиға Орал қаласындағы педагогикалық институт маңында болған. 5517 әскери бөлімінің сарбаздары кезекші патруль кезінде ата-анасыз жүрген кішкентай баланы байқап қалған. Олар дереу жақындап, жағдайды анықтаған.
«Бала қатты қорқып қалған екен, бірақ бізбен тез тіл табысты. Ең бастысы — оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ата-анасын мүмкіндігінше тез табу болды», – деді лейтенант Саламат Ануаров.
Гвардия қызметкерлері баланы патруль көлігіне отырғызып, полиция департаментіне жеткізген. Онда баланың тұлғасы анықталып, жақындарына бірден хабар берілген. Бала көп ұзамай ата-анасына аман-есен табысталды.
Қазақстанда жаз мезгілінде балалардың далада бақылаусыз жүруі жиілейді. Сол себепті тәртіп сақшылары мен әскери бөлімдер патрульдеу жұмыстарын күшейтіп, мұндай жағдайлардың алдын алуға күш салуда.