«Қауіпсіздікті қадағалайтын адам жоқ»: Ақтөбе паркінде кішкентай қыз ауыр жарақат алды

Автор: Темірхан Айжан

Жасөпірім 1 литр қан жоғалтқан 

Фото: скрин

Ақтөбедегі отбасылық паркте аттракционның айналмалы темірі кішкентай қыздың қолын іліп әкетіп, қан-жоса қылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Зардап шеккен қыздың анасы үндеуін aqtobe_sergek парақшасында жариялады.

Ару есімді келіншек болған жайтты жариялап, паркте қауіпсіздіктің сақталмағанына шағымданған.

«Құрметті ата-аналар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен бейжай қарамайтын жандар! Менің атым – Ару, мен – 9 жастағы Нұрболат Айымның анасымын. 2025 жылдың 7 мамырында қызым Ақтөбе қаласындағы «Әлия» базарының артында орналасқан «Family Park» балалар демалыс орталығында ауыр жарақат алды.

Кәдімгі демалыс сәтінде қызымның қолын ешқандай қоршаусыз, ашық тұрған көтергіш жұтып жіберіп, ауыр зақым келтірді. Бұл – қауіпсіздік техникасының өрескел бұзылуы! Қызым бір литрге жуық қан жоғалтты, қолының саусақтары жұмыс істемей қалды. Алда ұзақ әрі қиын оңалту кезеңі күтіп тұр. Қазір Айым тұйықталып кетті», - деп жазды ол.

Айтуынша, қызының басынан өткен қиын жағдайдан кейін парк әкімшілігінен ешкім хабарласпаған, баланың жағдайын да сұрамаған.

«Парк ішінде қауіпсіздікті қадағалайтын жауапты адамдар жоқ, ал иелері қымбат адвокаттар жалдап, бизнесін жалғастырып, басқа балалар арқылы ақша табуда. Ешқандай жанашырлық та, жауапкершілік те жоқ – тек немқұрайлылық пен пайда табу мақсаты ғана. Мен барлық ата-анаға үндеу жолдаймын: бұл «паркке» балаларыңызды жібермеңіздер! Ол жерде қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген. Қайғылы жағдай бола қалса – сіздерді ешкім қорғамайды, жалғыз қалдыра салады», - деді ол.

Ару ақпарат құралдарынан, елдің азаматтарынан оқиғаға бей-жай қарамауын сұрады.