Ол рөлге ие бола алмай, қатты жылдамдықпен темір қоршауға соғылған
Оқиға 7 шілдеге қараған түні Орталық жағалауда болған. Қайғылы жағдай кезінде велосипедте оның қызы мен үш немересі де отырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Павлодар облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, жасы келген әйел төрт дөңгелекті велосипедпен қызы және үш немересімен бірге серуендеп жүрген. Алайда төменге түсу кезінде рөлге ие бола алмай, велосипед қатты жылдамдықпен темір қоршауға соғылған.
«Қатты соққының салдарынан зейнеткер әйел оқиға орнында көз жұмды. Қызы мен үш немересі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді», – делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Соңғы жылдары демалыс орындарында жалға берілетін көп орынды велосипедтер танымал болып келеді. Алайда олардың жылдамдығы мен салмағы жолаушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.
Сондықтан полиция ата-аналар мен егде жастағы азаматтарды мұндай көлік құралын қолданарда аса мұқият болуға шақырады.