Павлодарда сүт зауытында өрт болды

Автор: Дәулет Ботагөз

Өрт 1500 шаршы метрді шарпыған 

Фото: ТЖМ

Павлодарда Құтқару қызметі 1 500 шаршы метр аумақты қамтыған ірі өртті сөндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Өрт Космонавттар көшесіндегі екі қабатты әкімшілік-тұрмыстық нысанда шыққан. Оқиға орнына жедел штаб құрылып, жоғарылатылған дәрежеде күштер мен құралдар тартылды», – делінген ресми мәлімдемеде.

Тілсіз жаумен күрес қиындады

Құтқарушылар келген кезде ғимараттың бір бөлігі толығымен отқа оранып үлгерген. Өрттің өршуіне бірнеше фактор себеп болған:

  • жоғары өрт жүктемесі
  • қатты түтін
  • желдің екпінді күшеюі

Алайда құтқарушылар жағдайды бақылауға алып, жалынды толығымен сөндірді.

Қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ

Министрлік мәліметінше, зардап шеккендер жоқ. Өрт 1500 шаршы метр аумақта толығымен оқшауланып, жойылды.