Полиция жағдайды тексереді
30 маусым күні әлеуметтік желіде Екібастұз қаласындағы ойын алаңында болған оқиғаға қатысты бейнежазба тарады. Онда бір әйелдің кәмелетке толмаған балаға айғайлап, балағат сөздер айтып, қол көтергені анық көрінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Видеодан баланың қорқып жылаған дауысы анық естіліп тұр. Ал әйел адамның сөздері қоғамда үлкен сынға ұшырады. Атап айтқанда, ол баланы қорқытып: «Тағы бір рет қайталасаң – тамағыңды кесемін, қазір сені тұншықтырамын», – деп айқайлаған.
Осы оқиғаға байланысты Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева түсініктеме беріп, аталған дерек бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерді тіркеу жүйесіне екі материал енгізілгенін мәлімдеді.
Қазір оқиға бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ қалалық полиция бөлімі таратқан ресми мәліметке сәйкес, әйел адамның балаға дене жарақатын келтіру дерегі бойынша тексеріс басталған.
Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның нәтижесіне қарай іс бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.