Оралда түнгі клубқа барып, көңіл көтереміз дегендер 17 күзетшіден таяқ жеп отырған (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

17 адамның ішінде сегізі изоляторда отыр

Фото: Polisia.kz

Оралдағы түнгі клубтардың бірінде күзетші қызметін атқарған 17 адам келген адамдардың қауіпсіздігін күзетудің орнына оларды ұрып-соғып отырған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Polisia.kz мәліметіне сүйенсек, күзетшілер ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, тек Орал қаласында ғана емес, Алматы, Ақтау қалаларында да әрекет еткен. Осы он жеті адамның бәрі Батыс Қазақстан облысының тумасы.

«Арнайы операция кезінде полиция 17 адамды ұстап, оның сегізін уақытша қамау изоляторына жапты. Тергеу барысында анықталғандай, күзетшілер келушілерге жүйелі түрде және негізсіз күш қолданған, соның салдарынан жәбірленушілер ауыр жараланған. Көп жағдайда жәбірленушілер құқық қорғау органдарына шағымдануға қорқып, үнсіз қалған», - деп хабарлайды полиция.

Қазір күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Соның ішінде:

  • екі немесе одан да көп адамды қасақана ауыр жаралау;
  • топпен жасалған бұзақылық.

«Тінту кезінде күдіктілерден 7 радиостанция (соның ішінде біреуі — полиция қызметкерлеріне арналған байланыс құралы), пышақ, көзді ашытатын газ баллон, бейсбол таяғы, жақын шетелдерге тиесілі болуы мүмкін 10-ға жуық нөмірлер», - деп хабарлайды полиция.