Жүргізуші заңсыз әрекетін қайталап, екінші рет мас халде көлік басқарған
Түркістан облысының полицейлері жүргізуші куәлігінсіз мас күйде көлік басқарған тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ның қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды өткізіп келеді. Осындай кезекті рейдтік іс-шаралар барысында түркістандық полицейлер сағат кешкі 20:00 шамасында қала көшелерін патрульдеп келе жатып, ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабында (көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу) көрсетілген заңды бұзып, «Мерседес Бенц» маркалы автокөлігін жолдың қақ ортасына заңсыз қойып қойған жүргізушіні анықтады.
«Полицейлер автокөлік иесінің құжаттарын тексере келе, оның 2019 жылы қазан айында Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотымен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша кінәлі деп танылып, үш жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғанын анықтады. Соған қарамастан жол ережесін бұзған жүргізуші заңсыз әрекетін қайталап, екінші рет мас халде көлік басқарған. Яғни жүргізушіге жүргізілген медициналық зерттеудің қорытындысына сәйкес, оның мас халде екені расталды», - делінген хабарламада.
Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 346-бабы (көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша тіркелді. Жүргізуші қамауға алынды.