Бірнеше ауылда мал жоғалған
Жетісу облысында мал ұрлығына қатысы бар үш күдікті ұсталды. Олар бір ауылдан кейін бір ауылға шабуыл жасап, ірі қара малдарды айдап әкеткен. Шығын көлемі 9 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Екі ер адам қамауға алынды
Полиция жедел іздестіру нәтижесінде Талдықорған, Көксу ауданы және Алматы облысы аумақтарынан екі күдіктіні – 51 және 37 жастағы ер адамдарды ұстады. Қазіргі уақытта екеуі де тергеу изоляторында.
Сондай-ақ Алматы облысының тұрғыны басқарған MAN жүк көлігі тоқтатылып, 14 бас ірі қаратәркіленді. Тергеу нұсқасына сәйкес, жүк көлігі иесі ұрланған малды сатып алып, тасымалдаумен айналысқан.
Қазір аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы (мал ұрлығы) бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
«Мал ұрлығы үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған. Қазір ұсталғандардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – делінген полиция хабарламасында.