Қазақстанда бірнеше резонанстан кейін дәрігерлерге қатысты маңызды құжат қабылданбақ

Автор: Бақыт Шынар

Тұжырымдаманы денсаулық сақтау министрлігі мен ішкі істер министрлігі әзірлеп жатыр

Фото: instagram.com/akmaralalnazarova

Қазақстанда медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тұжырымдама әзірленіп жатыр. Бұл құжатты Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп дайындайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Құжаттың мақсаты қандай

Тұжырымдама медициналық ұйымдарда қоғамдық тәртіпті сақтау мен дәрігерлерге күш көрсету жағдайларының алдын алуға бағытталған. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, медицина саласы үшін әрбір маман қымбат.

«Медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген әрбір адам заңға сәйкес қатаң жазалануы тиіс. Ешбір жағдай мұндай әрекетті ақтай алмайды. Әрбір дәрігер, фельдшер, мейіргер — біз үшін қымбат. Біз — біртұтас командамыз. Әр маман өзін қауіпсіз сезінуі тиіс», — деді министр Қарағандыда дәрігерлерге жасалған шабуылдан кейін.

Елдегі резонансты оқиғалар

Ресми мәліметке сәйкес, соңғы бес жылда медицина қызметкерлеріне 160 адам күш қолданған. Соның бірі – күні кеше Қарағанды қаласында болды. 2025 жылдың 12 маусымы күні облыстық балалар ауруханасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша 38 жастағы облыс тұрғыны екі дәрігермен ерегесіп қалып, оларды ұрып-соққан.

«Күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп жазылған хабарламада.

Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.