Маңғыстауда өртті сөндіру кезінде көліктің жарылған сәті видеоға түсіп қалды

Автор: Алмас Ерсін

Өрт сөндіруші бір ажалдан аман қалды

Фото: ҚР ТЖМ

Маңғыстау облысында өрт сөндірушілер көліктегі өртті сөндіру кезінде жарылыс болды. Оқиға видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бейнеу ауылында жанып жатқан көлікті сөндіру кезінде болған оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тез тарап кетті.

Кадрдан өрт сөндірушінің жанып жатқан көліктен бір метрдей жерде жалынды сөндіріп жатқанын көруге болады. Кенеттен қатты жарылыс болады. Абырай болғанда, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері зардап шеккен жоқ.

ТЖД түсініктеме берді

Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше оқиға 15 маусым күні сағат 12:21-де Майлина көшесінде болған.

«Өртке №6 өрт сөндіру бөлімінің бір техникасы мен алты құтқарушысы жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады құтқарушылар.

Қазір көліктің өртену себебі анықталып жатыр.