Олар жәбірленушіге қысым көрсетіп, ақша талап еткен
Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында бірнеше жасөспірімнің 14 жастағы қызды ұрып-соғып, ақша бопсалағаны туралы шулы бейнежазба тарады. Құқық қорғау органдары бұл жағдайды растап, оқиғаға қатысы бар алты қыздың тұлғасы анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Halyqstan Telegram-арнасында жарияланған бейнежазбада алты қыз бір құрбысын кезекпен ұрып, артынан ақша талап етіп жатқаны көрінеді. Жәбірленуші қарсылық көрсетпеген. Олар қыздан «касса» немесе «тағы да соққы таңда» деп қысым жасаған.
«Егер ақша әкелмесең... Туған күніңде бәрібір саған ақша береді. Сол ақшаны 10-ы күні әкелмесең, бәріміз жабылып сені сабаймыз», – дейді қыздардың бірі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті оқиға 2024 жылдың 31 тамызындаболғанын растады. Алайда видео 2025 жылдың маусымында кең таралып, қоғам назарын аударған.
«Петропавл қаласында тұратын 14 жастағы қызға жүйелі түрде психологиялық және физикалық қысым жасалғаны анықталды. Бейнежазбалардағы көріністер нақты дәлел ретінде тіркелді», – делінген департамент мәлімдемесінде.
Мамандар бұл оқиғаны балалар арасындағы буллинг пен бопсалау мәселесінің көрінісі деп бағалап отыр. Қоғамдық пікірде ата-аналардың, мектеп әкімшілігінің және құқық қорғау органдарының алдын алу шараларын күшейтуі қажет деген ұстаным басым.