Құтқарушылар дер кезінде жетті
Бұқтырма су қоймасында SUP-бордпен сырғанап жүрген екі жасөспірімді ағыс пен қатты жел жағадан алыстатып әкеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ШҚО ТЖД-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасында 6 маусым күні болған. Балалардың ата-анасы олардан көз жазып қалған соң, дереу құтқару қызметіне хабар берген.
«Құтқарушылар моторлы қайықпен жылдам жетіп, жағадан алыстап кеткен балаларды тауып, қауіпсіз жерге жеткізді. Медициналық көмек қажет болмады. Балалар ата-аналарына табысталды»,– делінген ведомство хабарламасында.
Жасөспірімдер құтқару кеудешесін кимеген. Бұл олардың өміріне қауіп төндірген негізгі факторлардың бірі болды.
Сондай-ақ желдің күшеюі мен судың ағысы балалардың өз бетімен жағаға қайта оралуына мүмкіндік бермеген.
ШҚО ТЖД ата-аналар мен демалушыларға судағы қауіпсіздік шараларын естен шығармауды ескертеді:
Ата-аналар мен демалушылар балалардың қауіпсіздігіне жауапты. Су жағасында кез келген сәт абайсыздықтан трагедияға айналуы мүмкін. Құтқару ережесін сақтау – өмірді сақтаудың ең тиімді жолы.