Шымкентте тегін балмұздақ таратқан кәсіпкер қамауға алынды

Автор: Темірхан Айжан

Оған қоса 200 мың теңгеге жуық айыппұл төлейді 

Фото: скрин

Балалар күнінде Тұран-2 ауданындағы «Жаңалық» сауда орталығының алдында мерекелік іс-шара өткен. Сол жерде кәсіпкер жиналған жасөспірімдерге 800 балмұздақты «лақтырып» берді. Жамыраған жастар алысып-жұлысып, бір емес бірнеше балмұздақтан алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдай жасаған кәсіпкер соңында жазаға тартылды.

Іс-шараны ұйымдастырушы Т.Ж. ҚР ӘҚБтК-нің 488-1-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ол ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша да жазаланып, сот шешімімен 5 тәулікке қамауға алынды.

Айта кетсек, бірнеше күн бұрын Ақтауда да Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара кезінде тегін балмұздақ пен тәтті мақта тарату сәтінде көпшілік жиналып, дүрбелең туындаған. Қалың көпшіліктің арасында балалар жоғалды. Іс-шараны ұйымдастырған кәсіпкерге айыппұл салынды.